Петропавлдағы «Орман» шағын ауданында еліміздің білім беру жүйесінде жаңа стандарттарды орнататын 600 орындық бірінші «Жайлы мектеп» ашылды, деп хабарлайды Петропавловск.news.
Петропавлдағы «Орман» шағын ауданында 600 орындық жайлы мектеп есігін айқара ашты. Бұл Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде ашылған алғашқы заманауи мектеп. Жаңа мектепте «Орман», «Борки», «Солнечный», «Юбилейный» және жаңа «Бірлік» шағын ауданының балалары үшін ыңғайлы әрі жайлы білім мекені жасалған. Мұғалімдер қауымын, ата-аналар, ардагерлер мен оқушыларды СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов маңызды білім ошағының ашылуымен құттықтап, мектептің жабдықталуын қарады.
Жайлы мектепте физика, химия, информатика, биологияға арналған арнайы кабинеттер, STEM зертхана, робототехника мен интерактивті тақталар қойылған. Оған қоса, 2 спортзал, заманауи шеберханалар, акт залы, көпсалалы спорт алаңы мен би залы бар. Ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға да қолайлы жағдай жасалған, инклюзия және логопед кабинеті жұмыс істейді.
— Заманауи технологиялар мен озық үлгідегі жабдықталу оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, сапалы білім алуына негіз болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – өңірдің білім жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Біздің өңірде заманауи мектептердің саны көбейе түседі. «Береке» шағын ауданында 600 орындық тағы бір жайлы мектеп салынуда, — деп атап өтті өңір басшысы.