Солтүстік Қазақстан облысында 17 қыркүйекте басталған «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер ата-аналармен жұмыс жасауға ерекше назар аударуда. Түнгі уақытта күшейтілген рейдтер жүргізіледі, сондай-ақ балалар тәрбиеленетін тұрмысы төмен отбасыларды тексеру жоспарланған. Бұл тексерулер прокуратура, білім және қамқоршылық органдарымен бірлесе өткізіледі.
Петропавлда тексерілетін отбасылардың бірінде 8 жасар қыз тәрбиеленуде. Ата-аналарының ішімдікке тәуелділігі және үйдегі қолайсыз жағдайлар баланың дамуына кері әсерін тигізуде. Қазіргі уақытта ювеналды полиция қызметкерлері бұл істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тапсыру үшін материалдар жинауда. Көбінесе ата-аналарға түзету үшін уақыт беріледі, ал талаптар орындалмаған жағдайда ата-ана құқықтарын шектеу немесе айыру мәселесі көтеріледі.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 154 ата-ана полицияның есебінде тұр, олар кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайды. Жыл басынан бері ювеналды полицейлердің бастамасымен 45 адам ата-ана құқығынан айырылған, оның 18-і Петропавлда. Тағы 14 ата-ана құқықтары шектелген (оның ішінде 3-і Петропавлда). Бұл жағдайлардың негізгі себебі — ішімдікке тәуелділік және балаларға дұрыс қарамау. Полицияның профилактикалық жұмысы балалардың қараусыз қалуын болдырмауға, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметі