Мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер және «халықтың әлеуметтік осал топтары» санаты бойынша тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар жеңілдетілген талаптармен баспана сатып ала алады.
Олар үшін Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) және Жетісу облысының әкімдігі «Жерұйық» атты өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. Бастапқы жарнасы 10%-дан бастап. Заем бойынша мөлшерлеме жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 15 млн теңгеге дейін. Егер тұрғын үй құны осы сомадан асып кетсе, онда бағдарламаға қатысушы айырмасын өз тарапынан төлей алады. Кредит 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
«Жерұйық» бағдарламасы бойынша бастапқы және қайталама нарықта пәтер немесе жер учаскесі бар жеке үй сатып алуға болады.
Бағдарламаны іске асыру үшін облыс әкімдігі 1 млрд теңге бөледі. Жаңа жоба өңір тұрғындарына тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді, сондай-ақ білікті кадрларды осы жерлерде ұстап қалу арқылы ішкі көші-қонның алдын алады.
Өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 10 қыркүйектен бастап 10 қазанды қоса алғанға дейін жалғасады. Өтінімдер Жетісу облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының аудандық бөлімшелерінде қабылданады. Онда қатысушыларды саралау жүргізіледі. Тізімге ең көп ұпай жинағандар кіреді. Олардың санына отбасылық жағдай, балалардың болуы, облыстық тіркеудің ұзақтығы әсер етеді. «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша бағдарламаға қатысушылар, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі азаматтар немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған азаматтар қосымша ұпай қосылады.
«Жерұйық» бағдарламасына өтінім беру үшін келесі талаптарға сәйкес болу қажет:
— соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің (оның ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй мен үлестің) болмауы. Отбасы мүшелеріне: жұбайы, зайыбы және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады;
— соңғы жұмыс орнында міндетті зейнетақы жарналарымен расталған кемінде 6 ай жұмыс өтілінің болуы.
— Жетісу облысының аудандарында немесе ауылдық округтерінде тіркеудің болуы.
Былтырғы жылдан бері Отбасы банк өз қызметін аудандардың, моноқалалар мен ауылдардың тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағыттай бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында банкке дәл осындай тапсырма берді.
Тапсырманы орындау мақОсы мақсатта биылғы жылы Отбасы банкте «Асыл мекен» бағдарламасын іске асыру басталды. Оның аясында 120-ға жуық ауыл тұрғыны баспана сатып алды.
Сондай-ақ «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары аясында қолжетімді талаптармен ауылдар мен аудан орталықтарының тұрғындары өз өңірінде тұрғын үй сатып ала алады. Бүгінгі таңда қос бағдарлама көмегімен 3 770 қазақстандық отбасы қоныс тойын атап өтті.
Халыққа өңірлік бағдарламалар аясында да қолдау көрсетіледі. Алтай, Риддер, Шемонаиха, Зайсан моноқалаларының тұрғындары үшін тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу туралы меморандумға қол қойылды. Осы жылы ШҚО-да «Шығыс маманы» бағдарламасы ашылды, Аягөз тұрғындары «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» бағдарламасы аясында қоныс тойын атап өтті. Теміртау, Ақсу, Рудный тұрғындарының жеңілдетілген шарттармен баспана алу мәселесі де шешілуде.