Петропавл қаласының 73 жастағы тұрғыны Борис Малеев СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, Петропавл қ. ПБ екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Райымбек Мұсановқа шын жүректен алғысын білдірді.
24 қыркүйек күні зейнеткер қаланың сауда үйлерінің біріндегі нан сататын бөлімде әмиянын ұмытып кеткен. Сатушылар әмиянды қауіпсіз жерге қойғанымен, оны басқа адам алып кеткені анықталды. Қария бұл жағдайды күзетшілерге жүгініп, бейнебақылау жазбаларын тексергенде байқаған. Одан кейін бірден полицияға хабарласты. Шақыртуға келген жедел-тергеу тобының құрамында полиция капитаны Райымбек Мұсанов болды.
Келесі күні таңертең капитан Мұсанов зейнеткерге әмиянын қайтарып берді. Анықталғандай, әмиянды алып кеткен адам ішіндегі ақшаға, банктік карталарға және құжаттарға тиіспеген.
Борис Малеев полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен мұқияттығы үшін алғысын білдіріп, оларға денсаулық пен қызметте табыс тіледі.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі