29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Есімжан НАҚТЫБАЙ

Есімжан НАҚТЫБАЙ

Оразадағы акция һәм оқырманға ой салар тағдырлар

Жақсылықтың ең үлкені адамға үміт сыйлау шығар. Астанаға арман қуа келіп, адасып қалған талай жанға үміт үлестіріп жүрген ерекше жанмен сұхбаттасудың сәті түсті.

«Мұқтаждықтан ешкім сақтанды-рылмаған», – деп бастады әңгімесін «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі Назгүл Мақжан.

«Құдайы қонақпыз…»

Расында да мұқтаждықтан ешкім сақтандырылмаған. Әйтпесе сұхбат беруші тілге тиек еткен 6 баланың анасы азаматынан айырылып, аңырап қаламын деп ойлады дейсіз бе?
Темірден түйін түйіп, техниканың тілін білетін жолдасы бар кезде алынбайтын асу жоқтай көрінетін. Елордадан құрқылтайдың ұясындай жалғыз бөлме алғанда да ертең-ақ онысы үлкен ордаға айналатынына қос жүрек батқан күннің атарындай сенген. Кейін жолдасы сол бөлмені кепілдікке қойып, несиеге көлік жөндейтін станса ашты. Ажал айтып келсін бе? Арыстай азаматы аспақталып тұрған көліктің астында қалып, 6 баланың анасы жесір қалды.

«Бір күні 6 баласы бар келіншек кеңсеміздің алдына келіп тұр екен. Үйге қайтқалы жатқанмын. «Құдайы қонақпыз, бүгінше сіздерге қонайықшы. Ертең балаларды уақытша жетімдер үйіне өткіземін. Бір түнге қонып шығайықшы», – деп өтінді. Қыстың қақаған аязы болатын. Тентіреп жүргендеріне 2-3 күн болыпты. Дереу дүкенге барып, балаларына азық-түлік алдық. Ертеңінде қаланың сыртында жатақханасы бар бір кәсіпкерге хабарластық. Балалары сонда орналастырылды, өзі еден жуушы болып жұмысқа кірді. Болашаққа үміті оянған соң балаларын жетімдер үйіне өткізуден бас тартты. Қазір үшінші жыл сол жатақханада жұмыс істеп, бір бұрышын паналап отыр. Сөйтсек мұндай аналар көп екен. Бірінен-бірі естіп, бізге келе бастады», – деп өткен оқиғаны еске алды Назгүл Мақжан.

Қайырымдылық қорының жетекшісі жайлы танысымыздан естігенбіз. Ол бізге кейіпкеріміздің Рамазан айында «Шапағат» қорының атынан «Ақ ниет» акциясын ұйымдастырып, 1032 отбасыға 15 тонна азық-түлік таратқанын айтқан еді.

«Баламды басқаға бере алмаймын»

«Тағы бір жолы баласы науқас әйел хабарласты. Жолдасы құрылыс алаңында көз жұмыпты. Ұлы 13-те екен. Күн санап сүйектерінен жан кетіп жатқан баланы көргенде қатты аядық. Дәрігерлердің айтуынша, әр сүйектен әл кеткен сайын, науқас бала өзін балғамен ұрып жатқандай күй кешеді. Ол жаны қысылғанда: «Мені өлтіріп тастаңдаршы!» деп айқайлайды екен. Қазір оң қолының үш саусағында ғана жан қалған. Бала өзін-өзі алдарқату үшін күні бойы интернет ақтаратын көрінеді. Білмейтін жыры жоқ. Бізге Қобыландының тарихын тамсанып отырып айтты. Талантты баланың жарығы біртіндеп сөніп бара жатыр. Соңындағы екі қарындасына да обал. Төртеуі бір бөлмеде қысылып, өмір сүріп жатыр. Күн сайын ауру ағаларының зарын есту, қиналғанын көру оларды да мүжіп, қажытқаны көрініп тұр. Алғашында не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Анасы бізден ұлын уақытша болса да оңалту орталығына өткізуге көмектесуімізді сұрады. Сөйтсек бұл оңай шаруа емес екен. Ақыры әлеуметтік желі арқылы халықтан ақыл-кеңес сұрадық» – деді Назгүл Мақжан.

Іс барысында Денсаулық сақтау министрлігі оң шешім шығарыпты. Бірақ жеме-жемге келгенде науқас баланың анасы «бауыр етін» өзгенің қолына қимай, оңалту орталығына өткізуден бас тартыпты. Әлеуметтік желіде резонанс туғызған жағдай жомарт жандардың құлағына жетсе керек. Қазір осы отбасының пәтерақысын есімін жарияламауды өтінген қайырымды жан төлеп отыр. Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау департаменті күн сайын 2 сағатқа маман жіберіп, науқас баланың анасының тынығуына мүмкіндік беруде. Ал науқас баланың анасы осы екі аралықта 2 қызына уақыт бөліп жүр. Сонымен қатар ол «Шапағат» қайырымдылық қоры араласқаннан бері бұрын өз ақшасына сатып алып келген ауырсынуды жеңілдететін дәрілерді заңға сәйкес, тегін алатын болды.

«Несие шаршатты»

«Үнемі қиындықта жүрген адамдар әбден басылып қалады. Оларды жақсылыққа сендіру үшін де күш, нақты әрекет қажет», – деді Назгүл Мақжан.

«Қыстың бір күнінде кеңсемізге аяғына жазғы етік киген 9 жастағы ұл мен 2 жасар қыз келді. Қалталарында хат бар екен. Онда: «Екі балам сіздерге аманат. Өзіме қол жұмсаймын деп шештім. Екеуін балалар үйіне өткізіңдер. Несие шаршатты» деп жазылған. Дереу полицияға хабарласып, түні бойы хат иесін іздеп, әрең таптық. Мұндай қадамға не үшін оқталғанын сұрасақ, 4 жыл бұрын Шортандыда 150 мың теңге несие алыпты. Өзінің 5 баласы бар екен. Жолдасы ішіп, күн көрсетпеген соң, кенжелерімен қашып кеткен. Қалаға келіп, теміржол депосына еден жуушы болып орналасқан. Коллекторлар тауып алып, алғашқы айлығын бірден банкке аудартқан. Сөйтсе 150 мың теңге несиесі өсімпұлымен 990 мың теңге болып кеткен. Жолдасы балаларының құжатын бермей қойған. Соның кесірінен атаулы әлеуметтік көмектен де қағылып келген. Құжаттары болмағандықтан балалары ауырғанда дәрігерге де апара алмаған», – деді қайырымдылық қорының жетекшісі.

«Шапағаттың» ұжымы балалардың құжаттарын «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы қайта рәсімдетіп, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізіпті. Бұған қоса ашынған ананың мәселесіне Ұлттық банктің назарын аудартыпты. Нәтижесінде Ұлттық банктің пәрменімен несие берген екінші деңгейлі банк өкілдері 990 мың берешекті азайтып, ай сайын елеусіз сома төлейтін шешім шығарған. Бұған дейін еден жуушы әйелдің 48 мың теңге айлық жалақысының 46 мыңын несие берген банк ұстап қалып отырған.

«Екі литр сүт беріңізші»

«Бірде телефоныма жас ана жылап хабарласты. «Балама 2 литр сүт алып беріңізші» деді де, тұтқаны тастай салды. Мен неге тура 2 литр сүт деген сұраққа жауап таппай қалдым. Ертеңінде көмекшімді айтқан мекенжайға жібердім. Ол жылап келді. «Мына кісіге кезектен тыс көмектесейікші, жағдайлары өте нашар екен», – деді.

Хабарласқан адам екі баласы бар жалғызбасты ана екен. Жұмысқа бару үшін балаларын сіңлісіне тастап кетіп жүріпті. Бір күні сіңлісі балаларды қараусыз қалдырып, қыдырып кетеді. Баланың үлкені шырпы тұтатып, шам жақпақшы болғанда үстіндегі жейдесі өртеніп, кеудесі тұтас күйіп қалады. Ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып шығады. Қазір баланың жағдайы мәз емес. Теріден жан кеткен сайын қышып, мазасын алады. Бойдағы безгекті басу үшін сүт ішу керек. Анасы баласына қарау үшін жұмыстан шыққан. Ақшасы таусылған соң, амалсыздан «Шапағатқа» хабарласқан. Сонда сұрағаны 2 литр сүт. Ана жүрегін көрмейсіз бе, бір күн болса да баласының дертіне шипа іздеген ғой. Баланы емдеу үшін денесіне «интегро» деп аталатын жасанды тері салу қажет. Оның 5 шаршы сантиметрі 100 доллар тұрады екен. Ал біздің дәрігерлер дененің сау жерінен күйген бөлігіне тері алып салмақ болған. Ота сәтсіз болып, ауру асқынып кеткен. Біз тағы да әлеуметтік желіге пост жаздық. Сол-ақ екен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері хабарласып, баланың мәселесіне араласты. Ал халық бір күнде 750 мың теңге жинап берді. Күйген денеге жабыстыратын пластырь бір жерде ғана сатылады екен. Көлемі 10х4 см болатын бір пластырь 7 мың теңге тұрады. Ол 4-5 күнге ғана жетеді. Бізге әлеуметтік желі арқылы бір әйел адам шығып, қажетті пластырьді 50% арзандатып бере алатынын айтты. Біреулер: «Емін тауып, дертін жазбаған соң, мұндайдан не пайда?» деуі мүмкін. Шын мәнісінде баланың бір түн болса да алаңсыз ұйықтағаны ана үшін үлкен бақыт», – деді Назгүл Мақжан.
Сөз арасында «Шапағат» қайырымдылық қорының жетекшісі 3 баласы бар жалғызбасты ана көмек сұрап келгенін, қазір сол әйел 3 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты.

«Біз 40 шаршы метр ғимарат алуға көмектестік. Ол шаштараз ашты. Қазір «Шапағаттың» тізіміндегі 3 кісіні жұмыспен қамтып отыр. Әу баста «Шапағаттан» көмек сұрап келген адам бүгінде «Шапағатқа» көмек беріп отыр. Болашақта осындай адамдарды жұмылдырып, ортақ іске тартуды жоспарлап жүрміз», – деді Назгүл Мақжан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *